× Сабақтар Хабарландыру тақтасы Кіру Қазақша-ағылшынша сөздік Ағылшынша-қазақша сөздік Пәндер Тіркелу

Махамбет Өтемісұлы

Махамбет 1803 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысының Нарын құмында, Бекетай деген жерде дүниеге келген. Махамбеттің атасы Құлмәлі батыр, би, шешен адам болыпты, Әкесі Өтеміс те қаражаяу емес, Бөкей ханның беделді билерінің бірі болған.

Махамбеттің ақындық, шешендік дарыны елге ерте танылады. Ол жас кезінен қайтпас батырлығымен, ақын-жыраулығымен, домбырашы-күйшілігімен ел көзіне түседі.

Бөкей хан өліп,  ел тізгіні Жәңгірдің қолына көшкеннен кейін мал шаруашылығымен айналысатын ел қатты күйзеліске ұшырайды. Хан құнарлы жерлерді туыстарына, сарай маңындағыларға бөліп беріп, елде жайылым қалмайды.Орданың барлық шығындары мен салық қиындықтары бұқара халықтың мойнына түседі. Міне осы жағдайлардың бәрі сан жылдардың ыза-кегін өршіте, тұтата келіп, ханға қасқая қарсы шығар батырлар Исатай, Махамбеттің маңына топтасады.

1837 жылы күздің аяқ шенінде Исатай, Махамбет сарбаздары хан ордасын қамайды. Көтерілісшілер жиыла-жиыла келе екі-үш мыңға жетеді. Қатты сасқан хан ақырында айлаға көшеді. Қандай талапты болса да орындамақ болып, он күн мұрсат сұрайды. Аңғал батырлар келіседі. Осы мұрсатты сәтті пайдаланған хан патша әскерін көмекке шақырып, көтерілісті қанмен басады. Шайқастың бірінде аяулы батыр Исатай қаза табады.

Халық  дарабоз батырын қас көзден жасырып ұстайды. Әйтсе де аңдыған жау  амалын табады. Көп жылғы қуғын-сүргіннен шаршаған Махамбетті  Жайық бойындағы мекенінде жалғыз үй отырғанда, қайғылы қазаға ұшыратады. Дегенімен теңсіздікке қарсы қарулы күрестің дабылы өшкен жоқ, дауылпаз ақынның отты жырлары көтерілістің көркем шежіресіндей болып бүгінге жетіп отыр.Жыраулар мұрасын мейлінше мол білген Махамбеттің өлең-жырлары да телегей теңіздей көп болған деседі.Халық жадында сақталып бізге жеткендері негізінен, көтеріліс туралы өлең -жырлары.Сондай отты жырларының негізгілерін санамалап өтсек: "Қызғыш құс", "Мұнар күн", "Тарланым", "Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқаны", "Желп-желп еткен ала ту", "Атадан туған аруақты ер", "Арғымаққа оқ тиді", "Қаршыға деген бір құс бар" және т.б.

Махамбет арқалы күйші, сазгер де болған. Оның "Қайран, Нарын", "Жорық", "Тарлан", "Жұмыр ,Қылыш", "Өкініш" және т.б. күйлерін бүгінгі күйшілер орындап жүр.

Пән: Қазақ әдебиеті