× Сабақтар Хабарландыру тақтасы Кіру Қазақша-ағылшынша сөздік Ағылшынша-қазақша сөздік Пәндер Тіркелу

"Алпамыс батыр" жыры

"Алпамыс батыр" - сюжеті ерте кезде дүниеге келген, варианты көп, ел қорғау идеясына құрылған тілі көркем жырлардың бірі. Бұл жырды Орта Азия халықтарының ортақ байлығы деп санауға болады. Өзбек, қарақалпақ, татар, башқұрт, алтай халықтары арасында мол тараған. Бұл жыр қазақ елінде де өте кең тараған, халқымыздың ең сүйіп тыңдайтын жырларының бірі.

"Алпамыс батыр" жырының ең толық, ең көркем деп танылған варианты - Сұлтанқұл Аққожаевтан 1953 жылы жазып алынған нұсқасы.  Бүгінгі күнге дейін бірнеше рет басылым көріп, М. Ғабдуллин, Т. Сыдықов, Ә. Қоңыратбаев тарапынан зерттеліп, жүйеленген.

Жырдың басты кейіпкері - Алпамыс батыр. Оның туып дүниеге келгені мен тұлғасына дейін жырда ерекше сипатталады.  Ол байбөрі мен Аналықтың әулиелерге сиынып, жалаң аяқ жер кезіп жүріп тапқан ұлдары. Жыршылар Алпамысты ата-анаға опасыз Ұлтанқұлдан соң тудырып, оның балалық шағын ертегі батырларына ұқсатып әсірелейді. Алпамыс он жасында алып батыр болып, жұдырығы тиген балалар мерт болады. Байбөрі оған Байсары қызы Гүлбаршынды айттырып, заманына сай жаугершілік тұрғысында тәрбиелейді. Қалыңдығының қалмақ қолында екенін біліп, он жасар кезінде жау еліне аттанады. Қалмақ батыры Қараманды өлтіріп, қазақ қызын жаудан азат етуші болып суреттеледі. 

Алпамыстың елдік күресі әкесінің жылқысын қуып кеткен Тайшық ханмен соғысқан жерінде көрінеді.Бұл жорықта ол мыстанның алдауына түсіп, аңғалдық жасайды. Зынданда жеті жыл жатады. Бірақ соңында әділдік жеңеді. Зынданда оны мысық асырайды, Гүлбаршын мен Кейқуат та көмектеседі. Ақыры Тайшық ханды өлтіріп, батыр одан кегін алады. Жүз мың қалмақ әскері жабылған жерде оның ерлігі орасан көрінеді:

Қалған қалмақ жабылды.

Жер-жерден қақты дабылды.

Құбыладан соққан дауылдай,

Түрленіп бала қағынды.

Майданнан аққан қызыл қан

Өзенге сыймай ағылды, - деп келеді.

Алпамыстың басқа батырлардан ерекшелігі - ол отқа салса күймейді, атса мылтық өтпейді, шапса қылыш кеспейді. Айтушылар оны "ғайып ерен" пірлерінің қолдауынан деп түсіндіреді.  

Алпамыс жауға кеткеде, Ұлтанқұл оның ата-анасын, баласы Жәдігерді құл етеді, ал Гүлбаршын Ұлтанқұлдың зорлығына ұшырайды. Елге жеті жылдан соң оралған Алпамысты жыршылар алдымен Байбөрі, Құлтаймен кездестіреді. Байбөрі түйеші, Құлтай қойшы екен. Осы жердегі екі қарттың мал соңында жүріп, Алпамысты жоқтайтын сөздері аса қайғылы. Ұлтанқұлға құл болып жүрген Тортай да Алпамысқа кездескен жерде ол кеткеннен кейінгі елдің жайын, әкесі мен шешесінің , баласының жайын жыр қылып айтып, ол енді жарың Гүлбаршынды некесін қиып, аламын деп, тойға дайындық жасап жатыр деп, бар мән жайды айтып салады.  Елдің зарын тыңдап ашуңа міген Алпамыс  жолындағы жаудың бәрін жайпап, өз елін Ұлтанқұлдың озбырлығынан азат етеді. Сөйтіп, ата-ана, халық махаббатына бөленген, ісі әділ, ниеті таза батыр елді мұратқа жеткізеді. 

"Алпамыс батыр" жырында өлең мен қара сөз аралас қолданылған. Тілі жеңіл, әсем, ұйқасы, тіл көркемдігі жоғары жырладың бірінен саналады.

Пән: Қазақ әдебиеті