× Сабақтар Хабарландыру тақтасы Кіру Қазақша-ағылшынша сөздік Ағылшынша-қазақша сөздік Пәндер Тіркелу

Қобыланды батыр

"Қобыланды батыр" - қазақ халқының батырлық, отаншылдық жайлы мазмұны терең эпостарының бірі. Жырдың дүниеге келуін ғалымдар әр түрлі дәуірлерге меңзейді. Дегенімен ерте замандарда дүниеге келгені даусыз. Сол себептен де жырдың айтушы жыршылары да, варианттары да көп. Жырдың 29 нұсқасы болса, солардың ішіндегі ең мазмұндысы Марабай жырау нұсқасы. Жырдың негізгі арқауы сырт жауларға қарсы күреске негізделген. Басты кейіпкері Қобыланды батыр.  Қобыланды тоқсандағы Тоқтарбай мен Аналықтың қартайғанда көрген жалғыз баласы болып суреттеледі. Жырдың қысқаша мазмұнын былайша өрнектеуге болады: Қобыланды қият батыры  Қараманға еріп, Қызылбас ханы Қазанды, одан соң Көбіктіні жаулап, өлтіріп, Қарлыға қызды олжалайды. Ең аяғында өзі жорықта  жүргенде елін шауып кеткен Алшағыр ханмен соғысып, ел-жұртын азат ету оқиғалары суреттеледі.

Жырдың басында Қазанға аттанып бара жатқан Қараманға Қобыланды: менің барар-бармасымды Құртқа біледі" деп аңғалдыққа жол береді. Ал Қараман "Қатынның тілін алған батырға не жорық" деп батырдың намысына тиеді. Дегенімен мәселе батырдың өзінде емес, мінетін аты Тайбурылдың  баптау мерзімінің жетімсіздігінде еді. Құртқаның баптауынан өткен Тайбурыл желдей жүйрік шабысымен бірнеше күн бұрын озып кеткен Қараманды  басып озып, қырық күндік Қазанға бір күнде жетеді. Қият әскері жеткенше ол Қазан батырды да, оның қырық мың қолын да жайратып салады. Сөйтіп, Қобыланды батырлықтың сұрапыл үлгісін көрсетіп, тілмар, ілгіш Қараманға кім батыр, кім қорқақ деген сөздің айырмасын танытады.

Жырдың келесі бөлімінде Қобыланды мен Қараман озбыр жау Көбіктімен айқасқа шығады. Бірақ Көбікті өз серіктерінің көмегімен екі батырды айламен тұтқындап, зынданға тастайды. Көбіктінің қызы Қарлыға Қобыландыға ғашық болып, қыздың көмегімен батыр тұтқыннан босап шығады. Қобыланды ең айлакер жауы Көбіктіні жеңгеннен кейін  өз елін шапқан  Алшағырға аттанады. Қобыландының үш ай, үш күн соғысып, Алшағырдан елін азат ететін жері - жырдың ең шешуші сәті болып табылады.

Жыр қоштасу монологтарына, азаттықты арман тұтатын халық толғауларына бай (Тоқтарбай, Аналық зары). Қобыландының  Алшағырмен соғысып, өз жұртын, ата-анасын, қарындасы Қарлығаш пен әйелі Құртқаны жау қолынан азат ету оқиғаларының мәні өзгеше. Жырдың ең түйінді, драмалы бөлімі де осы. Алшағыр соғысы болмаса, Қобыландының халықпен байланысы жеткілікті түрде ашылмас еді.

Жырдың өлеңдік құрылысы эпосқа тән буындық жыр өлшеуі. Жыр өлшеуі қандай жеңіл болса, тілі де сондай жүгіртпелі, ойнақы, таза. Аллитерация мен ассонанс, теңеулерден аяқ алып жүргісіз.

"Қобыланды батыр" жыры - сөз өнерінің алтын қазынасы болуымен бірге жастарды отаншылдыққа тәрбиелеп, баулуда өте үлкен рөл атқарады.  

Пән: Қазақ әдебиеті