× Сабақтар Хабарландыру тақтасы Кіру Қазақша-ағылшынша сөздік Ағылшынша-қазақша сөздік Пәндер Тіркелу

Сырбай Мәуленов

Өмірі. Сырбай Мәуленов қазақ әдебиетіндегі арқалы ақындардың бірі. Ол 1922 жылдың 17 қыркүйегінде Қызылорда облысының Қызылжыңғыл мекенінде дүниеге келген. Сырдың бойында дүниеге келгендіктен, әке-шешесі оның арын "Сырбай" деп қойған. Ұлы Отан соғысынан ауыр жараланып қайтқан соң, Қостанай облыстық "Большевиктік жол" газетінде істейді. 1950 жылы Алматыға келіп, республикалық көркем әдебиет баспасында поэзия бөлімін басқарады. Одан кейін Қазақстан Жазушылар Одағының поэзия секциясын басқарады. Ол ұзақ жылдар бойы "Қазақ әдебиеті" газеті мен "Жұлдыз" журналын басқарады. Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері. 1993 жылы қайтыс болған.

Шығармашылығы. Қазақ поэзиясында соғыс туралы, оның зардабы туралы ең көп өлең толғаған ақын - Сырбай Мәуленов. "Тыңда, дүние, тыныштық үні", "Күлге айналған көк ормандар", "Құлын", "Жау оғынан бораған, жасырады жер мені", "Түтік","Соғыста бір-ақ заң бар мен білетін", т. б. соның айғағы.

С. Мәуленов шығармашылығында табиғаттың қисапсыз бай бояуы молынан табылады, яғни, оның шығармашылық шабытының қайнар көзіндей сезіледі. Әсіресе оның өлең- жырларында көк,қызыл, қоңыр,көгілдір, ақ ,т.б.түстер көп орын алады. Мәселен, оның Петербургке барған сапарынан туған "Ақ түн" атты өлеңі қазақ поэзиясына өзінше бір құбылыс әкелгендей.

Ақ түн, ақ түн

Алып бір ақ сауыт.

Ақ боз аттың

Жалындай ақша бұлт.

Ақ түн - ақ гүл

Айнала тұтасқан.

Төгілмей шақ тұр,

Ақ мұхит - сүт аспан.

...Ақ түн

Таң жарығындай

Бозарып ағарған...

Міне, осындай әуезді де әсерлі, метафоралық образдардың бір-бірін толықтырып, түрленіп отыруымен ерекшеленеді. Иә, осылай сан бояулы сырға толы, жырларының тілі жеңіл де жаттауға оңай,әрі қысқа да жинақы болып келетін ақын өлең-жырлары қазақ поэзиясын байытқан құбылыс болып табылады.

Пән: Қазақ әдебиеті