× Сабақтар Хабарландыру тақтасы Кіру Қазақша-ағылшынша сөздік Ағылшынша-қазақша сөздік Пәндер Тіркелу

Ғабит Мүсірепов

Өмірі. Сөз зергері, Социалистік Еңбек ері, көрнекті жазушы Ғабит Мүсіреповтің қаламынан көптеген қызықты әңгімелер мен новеллалар, очерктер мен драматургиялық шығармалар туып, қазақ әдебиетін биік белестерге көтерді. Ол 1902 жылы  22 наурызда бүгінгі Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын "Қазақстан" баспасының бас редакторы, Қазақ АКСР Оқу халық комиссариаты өнер секторы меңгерушісі, "Қазақ әдебиеті", "Социалистік Қазақстан" газеті мен "Ара" сатиралық журналында бас редактор болып өрбіткен жазушы Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі болып, көптеген табыстарға жетеді.

Шығармашылығы. Жазушының қалам қайратын көрсеткен "Тулаған толқында", "Талпақ танау", "Көк үйдегі көршілер", "Этнографиялық әңгіме" және т. б. әңгімелерінен бастап өрлеу үстінде болады.  "Қыз Жібек", "Қозы Көрпеш -Баян сұлу" драмалары, Б. Майлинмен біріге жазған "Амангелді" пьесасы кейін киноға айналады.

Ғ. Мүсіреповтың  қазақ әдебиетіне әкелген идеялық-көркемдік жаңалықтары аз емес. Соның бір қыры Ана туралы әңгіме-новеллалары еді. М. Горький шығармаларының үрдісімен жазылған "Өлімді жеңген ана", "Анат кесімі айнымайды", "Ашынған ана", "Ананың арашасы", "Ақлима", "Адамның анасы" әңгімелерімен дамытып, өрбіте келе қазақ әдебиетіне қосылған тың тұлға "Ұлпан" романына дейін жеткізеді. 

Ұлы Отан соғысы тақырыбында жазылған "Қазақ солдаты" - қазақ әдебиетінде фашистік Германия басқыншыларына қарсы қаһармандық ауыр күресін суреттеген алғашқы әскери роман. Бұл шығарма "Қазақ батыры" деген тақырыппен 1945 жария көрді. Романның басты кейіпкері нақтылы өмірден алынған, Кеңес Одағының батыры Қайырғали Смағұловтың өмір жолына негізделген. Оның прототипін Қайрош Сарталиев деп сомдап, қазақ солдатының толық, жан-жақты образын мүсіндеп шығарады.

Пән: Қазақ әдебиеті