× Сабақтар Хабарландыру тақтасы Кіру Қазақша-ағылшынша сөздік Ағылшынша-қазақша сөздік Пәндер Тіркелу

Мағжан Жұмабаев

Өмірі.  Қазақ әдебиетінің ең көрнекті өкілдерінің бірі де бірегейі. Шебер тілді, от-жалынды, ұлтшыл. лирик ақын.Ол бүгінгі Солтүстік Қазақстан облысының Сасықкөл ауылында 1893 жылдың 15 мамырында дүниеге келген. Мағжан 1919 жылдан бастап кеңес қызметіне араласып, туып-өскен өлкесі Қызылжардағы "Бостандық туы" газетінде редактор болады. Ташкенттегі Қазақ-қырғыз институтында сабақ береді. Мәскеудегі "Күншығыс" баспасында қызмет істейді. В. Брюсов атындағы Көркем әдебиет институтында оқиды. Қызылжар, Бурабай оқу орындарында сабақ береді. 1929 жылы ол  ұлтшылдық жаласымен қамалып, Карелияға жер аударылады. Орыс жазушысы М. Горькидің көмегімен  босап шыққанымен, көп өтпей жазықсыз репрессияға ұшырап, тағы қамалады. 1938 жылы ату жазасына кесіледі.

Шығармашылығы. Мағжан шығармашылығы жас кезінде ерте ашылады, 1912 жылы Қазанда "Шолпан" атты тұңғыш жинағы жарық көреді.Қазақ саһарасында жалынды ақын ретінде ерте танылған Мағжанның шығармалары кеңестік кезеңде үздіксіз жария көріп тұрды.Ақынның жыр жинақтары толықтырылып, 1922, 1923 жылдары екі рет жария көрді, "Сана", "Шолпан", "Ақ жол" мерзімді басылымдарында өлең топтамалары шығып тұрды. Сондай ақ Мағжан "Сауатты бол", "Педагогика" оқулықтарын басып шығарды.

Оның "Гүлсімге", "Сүй, жан сәулем", "Жас сұлуға","Сен сұлу" және т.б. көптеген сүйіспеншілік жырлары әлем поэзиясы ең үздіктерінің қатарынан табылады. Ақынның "Өтірік һлең", "Жүсіпхан" шығармалары шығыстық сюжетке құрылса, "Батыр Баян", "Қорқыт", "Оқжетпестің қиясында" дастандары тарихи оқиғалар негізінде жазылған.Мағжанның көлемді шығармаларының бірі "Батыр Баян" поэмасы. Поэма сюжеті қыздың қос бұрымындай екі арнада өріледі. Бірінде Абылай бастаған қазақ батырларының жоңғар шапқыншылығына қарсы ерлік жорықтары көрініс тапқан. Негізгі екіншісінде Батыр Баянның қалмақ елін шауып, Бөбек қызды қолға түсіруі, оған ғашық болуы желі тартады. Бірақ Бөбек қыз батырдың інісі Ноянмен көңіл жарасып, баталарын алмақ болып, қыз төркініне бет алады. Туған інісі тұтқын қыздың соңынан ілескеніне намыстанған батыр олардың соңынан қуып береді. Шығармада махаббат, намыс, қызғаныш, туыстық сезім, отаншылдық  қасиеттері көркем тілмен, психологиялық шеберлікпен өріледі.

Пән: Қазақ әдебиеті